Арапа күні жасалатын амалдардың кейбірлері мыналар:
1) Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінді намазына дейінгі 23 намазда еркек-әйел барлық адам парыз намаздардан кейін сәлем бере сала «Аллаһуммә әнтәссәлам...» дұғасын оқымай тұрып уәжіп болған тәшриқ тәкбірін оқуы керек.
Тәшриқ тәкбірі: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уә лилләһил-хамд.»
Парыз намаздарынан басқа айт және жұма намаздарынан кейін де оқылады. Мешіттен шыққаннан кейін немесе сөйлескеннен кейін оқу міндетті емес. (Халеби)
2) Зүл-хиджаның алғашқы 9 күнінде ораза тұту өте сауапты болады, бірақ Арапа күні ораза тұтудың сауабы одан да көбірек. Хадис шәрифтерде былай айтылған:
«Арапа күні ораза тұтқан адамға Адам алейһиссаламнан бастап, Сур үрленгенге (қияметке) дейін өмір сүрген бүкіл адамдар санынан екі есе көп мөлшерде сауап жазылады.» (Р. Насихин)
«Арапа күні ұсталған ораза 1000 күн тұтылған (нәпіл) оразаға тең.» (Табарани)
«Арапа күні 1000 рет Ихлас сүресін оқыған адамның барлық күнәлары кешіріледі және дұғасы қабыл болады». (Әбушшәйһ) (Барлығын бисмилләһпен оқу керек.)
«Арапа күні ораза тұтқан адамдардың екі жылдық күнәлары кешіріледі. Бірі, өткен жылғы, екіншісі, келер жылдың күнәлары». (Муслим) (Яғни Арапа күні тұтылған ораза өткен және келер жылда жасалатын тәубелердің қабыл болуына себепші болады.)
«Арапа күнінен үстемірек болған күн жоқ. Ол күні Аллаһу та’ала жер жүзіндегілермен мақтанып көктегілерге "Ей, көктегілер, құлдарыма қараңдар, олар рахметіме қауышу үшін және азабымнан құтылу үшін ұзақ жерлерден келді...” дейді. Арапа күні тозақтан көп құл құтылатыны соншалықты, басқа күндерде мұншама құл құтыламайды.» (Ғунийа)
«Шайтан Арапа күнінен басқа күндерде мұншалықты қорланған, жәбірленген, әлсіз, өшпенді күйде көрінбейді.» (И. Малик)
«Аллаһу та’ала Арапа күнінде құлдарына назар салады. Түйірдей иманы бар болған адамды кешіреді.» (Ғунийа)
«Арапа түні ғибадат жасаған адам тозақтан азат болады.» (С. Әбәдийа)
«Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені Арапа – Аллаһу та’ала қадірлеген күн.» (Дәйләми)
«Арапа – өте құнды күн. Ол күні мейірім есіктері ашылады.»(Дәйләми)
3) Бұл күнді бір мүмкіндік деп білу керек. Оны жіберіп алмауға тырысу керек. Хадис шәрифте айтылғанындай:
«Дұғаның қадірлісі – Арапа күні жасалған дұға.» (Бәйһақи)
4) Арапа күнін ғибадатпен, Аллаһу та’аланы зікір, тәфәккур етіп өткізуге, адамдарға жақсылық жасауға тырысу керек! Ең құнды ғибадат ілім үйрену болып табылады. Әһли сүннет ғұламалары жазған илмихал кітаптарын оқу арқылы ең дұрыс ілімді үйренген боламыз. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені Арапа – Аллаһу та’ала қадірлеген күн.» (Дәйләми) (Құрметтеу – күнә істемеу арқылы жүзеге асады.)
«Арапа күні құлағына, көзіне және тіліне ие болған адам кешіріледі.» (Табарани)
Құлағына ие болу – ғайбат, сазды аспап секілді харам нәрселерді тыңдамау деген сөз. Егер бұлар біздің қалауымыздан тыс құлағымызға келетін болса, бізге күнә болмайды. Көзге ие болу – харам нәрселерге қарамау және мубах нәрселерден ғибрат алу деген сөз. Тіліне ие болу - өтірік, өсек, сөз тасу, жаман сөз, тіпті бос сөзден тыйылу, ешкімді тілімен ренжітпеу дегенді білдіреді. Осы аталғандарға мойынсұнып, осы бойынша жүрген адам Арапа күнін құрметтеген болады.
Арапа түні – Арапа күні мен Құрбан айттың бірінші күні арасындағы түн. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Рақымдылық есіктері 4 түнде ашылады. Ол түндері жасалған дұға мен тәубе қабыл болады. Рамазан айты мен Құрбан айттың 1-ші түндері, Бәрат түні және Арапа түні». (Исфахани)
«Төрт түннің күндізі де түні секілді құнды болып келеді. Аллаһу та’ала ол күндері дұға еткен адамның тілегін кері қайтармайды, оларды кешіреді және олар бұл күндерде мол ихсанға қауышады. Бұлар: Қадір түні, Арапа түні, Бәрат түні, жұма түні және күндері.» (Дәйләми)
«Арапа түні ғибадат еткен адам жәһаннамнан азат болады.» (С. Әбәдийа)
Арапа күнінде ораза
Сұрақ: «Арапа күні де мұсылмандар үшін мейрам болып табылады. Арапа күні ораза тұтуға болмайды» деп айтатындар бар. Арапа күні ораза тұтпау керек пе?
Жауап: Хазреті Әбу Хурайра «Расулуллаһ Арафатта арапа күні ораза тұтуға тыйым салды» деген. Ал хазреті Ибн Абидин айтқан: «Арапа күні қажының ораза тұтуы, Арафатта уақфаға тұруға және дұғаларға кедергі болмау шартымен мүстаһаб болады. Ораза ұстау адамды әлсірететін болса, ораза ұстау мәкрух болады.» (Рәдд-ул-мухтар)
Яғни, Арафатта болып, ораза тұта алмайтындар үшін Арапа күні ораза тұту мәкрух болуы, барлық адамдар үшін емес. Арапа күні ораза тұту өте сауапты болады.
Мың рет Ихлас сүресін оқығанда сөйлеу
Сұрақ: Арапа күні мың рет Ихлас сүресін оқығанда арада сөйлеуге немесе бір жұмыс істеуге болады ма, әлде арасын үзбей оқу керек пе?
Жауап: Жоқ, үзбей оқу шарт емес, арасын бөлуге болады. Мәселен, бір бөлігін азанда, бір бөлігін түсте немесе түстен кейін де оқуға болады.
www.islamdini.kz